2025 жылғы 22 қыркүйекте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдастыруымен Көкжар ауылында орналасқан №11 «Көкжар» экологиялық соқпағында сенбілік және экскурсия жұмыстары өткізілді.
Аталған іс-шараға Жетісу облысы, Алакөл ауданы бойынша Тоқжайлау көпсалалы колледжінің орман шаруашылығы және туризм мамандығында білім алып жатқан студенттері белсене қатысты. Олар табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында өткізілген «Таза Өлке» акциясына өз үлестерін қосты.
Студенттер экологиялық соқпақ бойымен экскурсия жасап, ұлттық парктің флорасы мен фаунасы жайлы мағлұмат алды. Сонымен қатар, демалыс аумағын қоқыстан тазартып, табиғатқа жанашырлық танытты. Бұл шара жастардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін оятуға үлкен әсер етті.






